РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ АПАРАР ЖОЛ

Егемендікке қол жеткізгелі елімізде көптеген реформалар жасалып, өз нәтижесін берген болатын. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – халқымыздың қайта жаңғыруына ықпал ететін идеялық бастау. Бәсекелес тұлғаны елді сүйетін, оның өркендеуіне еңбек ететін, туған ауылына, мектебіне көмек көрсететін азаматты қалыптастыру үшін қауымға өз  қызметін бағыттау қажет. Сонда ғана қоғамның сана- сезімі  жаңалыққа бет бұрады.

Елбасы аталған мақалада рухани жаңғырудың ел үшін маңыздылығын нақты көрсетіп берді: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды».

Ал, осы мақалада Тұңғыш Президентіміз рухани құндылық-тарымызды, ұлттық кодты, сапалы білім алуды, патриоттық рухты сіңіру турасында рухани мүддеге баса мән беру қажеттігін нақты айтты.

Елбасы сананы жаңғыртудың мазмұнын негіздей отырып, жаңғыруды  6 бөлімге бөліп қарастырды:  Бәсекеге қабілеттілік, Прагматизм,  Ұлттық бірегейлікті сақтау, Білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы,  Сананың ашықтығы.

Елбасы  осы мақаласында білімнің басты орында екендігін, сапалы білім арқылы жарқын болашаққа жол бастай алатындығымызды нақты көрсетіп берді. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болып отыр. Бұл идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық.

«…Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», -деп Елбасы ұлттық құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру қажеттігін айтты.

Қорыта айтқанда,  Елбасы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа заманның көшіне ілесіп, алға жылжу үшін халқымыздың көзі ашық, жан-жақты, терең білімді, бір сөзбен айтқанда бәсекеге қабылетті болу қажеттігін дәл көрсетіп берді. Рухани жаңғыру – кемел келешекке апарар жол. Сондықтан да, рухани құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, алға жылжуымыз қажет.

Р. Спабекова, 

М.Әуезов атындағы ОҚУ доценті, х.ғ.к.

Г. Баубекова,

оқытушы, магистр.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.