С.ЕҢСЕГЕНОВ, Сенат депутаты: Мемлекеттiк органдар арасында бiрлескен жұмыс жоқ

Астанада отырып, кабинет терезесінен қарап отырған біздің шенеуніктер халықтың мұң-мұқтажын, зарын естуге құлықсыз. Табандылық жоқ, бірізділік жоқ, бірлік жоқ. Халықтың зарын, жағдайын түсініп, оны жүрегінен өткізейін деген ықылас-ниет жоқ. Не айтуға болады?Бұлай деуіме Атырау облысындағы Азғыр өңірі халқының ауыр тұрмысы себеп болып отыр. Аудан орталығынан 300, облыс орталығынан 600 шақырым жерде. Автокөлік жолы, теміржолы ешқашан болған емес, әуе байланысы жоқ. Бүкіл тіршілік сол жерде 60 шақырым жерде орналасқан Ресейдің Қарабайлы қаласы арқылы іске асып келді.
Бүгінде сол жердегі халық елге танымал, сапалы Қаракөл қойын бағып өсіреді. Оның өнімі экспортқа, сонымен бірге көршілес Ресейде де сұранысқа ие. Бірақ, келісімдегі шектеу ол жердегі өнімді Ресейге өткізуге мүмкіндік бермей, кәсіпкерлікті дамытуға тежеу болып отыр. 600, кейде 1000 шақырымнан келетін тағам өнімдерінің шығыны жоғары болғандықтан, олардың құны да қымбат. Бұл да ауылдағы адамдар үшін ауыр салмақ.
Ең қиыны, ауырған адамдарды Ресейдің Қарабайлы қаласына апару үшін сол жердегі мемлекеттік жедел жәрдем көлігі өтпейді, келісім бойынша өткізбейді. Әр ауылда жедел жәрдем көлігі бар, оны өткізе алмайды. Науқасты жеткізу үшін сол кісі өзінің тіркелген жеке меншік көлігімен апару керек. Егер баласына сенімхат берсе, оны да өткізбейді.
Бірнеше рет тиісті министрліктен комитет басшыларын сол өңірге алып барып, халықпен кездестірдім. Қиын жағдайды өз көзімен көрді. Бірақ оң шешім жоқ. Оның себебі неде? Себебі – мемлекеттік органдардағы кадр тұрақсыздығы. Мемлекеттік органдар арасында бірлескен жұмыс жоқ.

sputniknews.kz

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.