САЙЛАУ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Түркістан облысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі сайлау комиссияларының жұмысы туралы» оқыту семинары өтті. Семинарға ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Б.Мелдешов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ә.Тұрғымбеков, Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Өмірәлиев, тиісті басқарма басшылары, аудан, қаладағы сайлау учаскесінің төрағалары мен мүшелері, БАҚ өкілдері, барлығы 800-ге жуық адам қатысты.
Семинарда алғаш болып сөз алған ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов сайлау науқанының барысы туралы баяндама жасады.
«Сайлау процесін одан әрі жаңғырту, іргелі сайлау процестерін сақтауды қамтамасыз етуді негізге ала отырып, өткен жылы елімізде сайлау заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Осыған орай, қазіргі таңда республикадағы сайлау комиссиясы құрамының 40,4 пайызы жаңарып, аумақтық сайлау комиссияларының функциялары кәсіби негізде кеңейтілді. Бұдан басқа, жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер қорының негізінде сайлаушылар туралы мәліметтерді қалыптастыру жұмыстары «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде елімізде нақты қанша сайлаушы бар екендігін анықтауға үлкен көмек болып отыр», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Б. Мелдешов.
Бұдан басқа, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Сәрсенбайұлы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету нормалары, ҚР Президенттік сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі күнтізбелік жоспарға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар, оның ішінде БАҚ-да үгіт жүргізу мәселелері туралы ой қозғады.
Жиын барысында облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Болат Рысқұлбеков Түркістан облысында сайлаушылар тізімін жасақтау бойынша баяндады.
«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс бойынша сайлаушылар туралы мәліметтерде жеке тұлғалар деректер қорының мәліметі бойынша 2019 жылғы 1 қаңтарда облыс бойынша 18 жасқа толған, іс-әрекетке қабілетті, белсенді, сайлау құқығына ие 1 млн. 223 270 азамат тіркелген», – деді Б.Рысқұлбеков.
Одан соң облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Өмірәлиев 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентік сайлауын өткізуге әзірлік барысы және сайлау комиссиялары мүшелерінің оқытылуы туралы тоқталды.
«Қазіргі таңда, облысымызда 7 кандидаттың штабтары, 2008 сенім білдірген адамдары 11 мамыр күнгі сағат 18:00-ден бастап үгіт-насиxат жұмыстарын Заң талаптарына сәйкес жүргізуде. Орталық сайлау комиссиясы тарапынан барлық сайлау учаскелері керекті нормативті-құқықтық әдістемелік құралдармен, ақпараттық плакаттармен, тұрақты және тасымалданатын бюллетень салатын жәшіктермен қамтамасыз етілуде»- деп атап өтті Ә.Өмірәлиев.
Сонымен қатар, семинар барысында сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін жағдайдың жасалуы, сайлау коммиссиялары қызметінің кейбір мәселелері туралы хабарлама жасалынып, оқыту фильмі көпшілікке ұсынылды.