САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАДА МЕДИЦИНА САЛАСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023-2027 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген Жол картасынының 43 тармағына зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бектаева Жанар Әлібекқызы мен Білім беру және денсаулық сақтау кеңесінің төрағасы Серкебаев Есенбек Салдарбекұлы №6 емхананың жұмыс барысымен танысты.
Медицина мекемесінің тіркеу орны, алдын алу және әлеуметтік- психологиялық көмек көрсету бөлімі, пациентті қолдау қызметі жұмыстарының барысын емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаева таныстырды.
Емханада 2023 жылдың қаңтар айынан бастап аймақтық медбикелерге Әмбебап прогрессивті патронаж моделі толық енгізілуін қаматамасыз ету мақсатында GPS навигациясы қосылған. Сондай-ақ, Патронаттық қызметтің әмбебап прогрессивті моделі кабинеті жұмыс істеп тұр.
Бұл аппарат арқылы монитордан емхананың аумағында тіркеуде тұрғандардың нақты мекен-жайларын, пациент туралы ақпараттарды көруге болады. Аталмыш цифрлы жүйе халықтан келіп түсетін өтініш-шағымдардың санын азайтып, бала өлімін болдырмау, медициналық көмекті өз деңгейінде көрсетуге, тіпті, әлеуметтік мәселелердің алдын алуға оң ықпалын тигізеді.
«AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздегі денсаулық саласын дамытуды, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруды қарастырған. Сондықтан жергілікті мәслихаттағы фракция депутаттары халыққа берген уәделерінің уақытылы әрі сапалы орындалуын өз бақылауында ұстайды.