Салауатты өмір – саулық кепілі
Адам баласы үнемі сергек жүріп, спортпен шұғылданса, оның өмірге деген құштарлығы да жоғары болады. Сондай-ақ, дұрыс тамақтанып, күн сайын спортпен айналысып, таза ауада серуендесе, оның да денсаулыққа тигізер өзіндік әсері бар. Мұның бәрі сайып келгенде салауатты өмір салтын қамтамасыз ету болып табылады.
Жан мен тәннің саулығын қамтамасыз ететін түрлі рәсім бар. Мысалы, су рәсімі. Ол ағзаны тұмау секілді түрлі аурудан сақтандырады. Мұнымен қатар, күн ванналарының пайдасы мол. Денсаулығын күтетін адамның артықшылықтары көп болады. Ол өзіне қиянат жасамау керектігін біледі.
Денсаулық — адам баласының ең бірінші байлығы. Оны ешнәрсемен теңестіруге болмайды. Әдетте сау жүрген кезде денсаулығымыздың қадіріне аса мән бере бермейміз. Оған сырқаттанған кезде ғана назар аударамыз. Көп жағдайда ауруханаға асқындырып алған соң ғана барамыз. Жұмыссыздық пен шамадан тыс көп ұйықтау да денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Мүмкіндік болса дене қозғалысын көбірек жасап, бір мезгіл спортпен шұғылданған жақсы. Таза ауада серуендеп, спортпен шұғылдануға біздің Шымкентте мүмкіндік көп. Қала орталығында бірнеше саябақтар мен спорт комплекстері бар. Соңғы жылдары қимыл-қозғалысқа оң әсер ететін веложолдар салынып, әр жерге велосипедтер қойылды. Мұның өзі адамдардың үнемі көлікте жүре бермей, көрікті қаланы бір мезгіл велосипедпен жүріп, тамашалауына жасалған мүмкіндік деп қарастырған жөн.
Жалпы, ауырып ем ізгененше, ауырмаудың жолын қарастырғанға не жетсін. Сол үшін бір мезгіл спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстана жүрейік.
Серік ПРАЛИЕВ, Шымкент қаласы, Әділет департаментінің
тіркеу қызметі саласындағы әдістемелікті қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы.