ШАРДАРА АУДАНЫНДА ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛГЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР БОЙЫНША МАҚСАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан обласы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағарту Штабының жетекшісі Ерұлан Тұңғышбаев Шардара ауданында болып, әкімдік қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев пен «Шардара — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Б.Қалдарбек қызметкерлері мен дербес бөлім басшылары қатысты.
Жиында Ерұлан Икрамұлы сыбайластыққа итермелейтін әрекеттердің жолын кесу мақсатында Агенттікпен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Бұдан бөлек, өткен жылдың 6 қазаны күні Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында пара берушілер мен делдалдардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізіліп, лауазымды адамдарды параға сатып алумен айналысатын, заңсыз сыйақы беру кезінде делдал болған адамдар елеулі қылмыстық жауаптылықта болатынын жеткізді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа новелла мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға шетелдік банктерден шоттар ашуға және иеленуге тыйым салуға қатысты жаңа шектеулерді қамтитынын, ал, жаңадан мемлекеттік қызметшілерді лауазымға тағайындау кезінде оларға шетелдік шоттарын жабуға 6 ай мерзім берілетінін айтты.
Департамен өкілі бұған дейін пара берушілерге ең жоғары жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса, қазіргі жаңа Заңнамаға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылып, бұл автоматты түрде ауыр құқықтық салдары бар санатқа жататынын, сондай-ақ делдалдар үшін де айыппұлдың мөлшері 2 есеге ұлғайтылып, бизнесті қорғауды күшейту контексінде, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында да Қылмыстық кодекске жауапкершілікті күшейтетін түзетулер енгізілгенін атап көрсетті.