ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ОЙЫНПАЗДЫҚ ДЕРТІ
Компьютерлік немесе смартфон ойындарының зардабы, салдары туралы айтылып-ақ келеді. Алайда, бұған мән беріп жатқан ата-ана жоқ. Керісінше, күн өткен сайын балалардың аталған ойынға деген тәуелділігі көбейіп келеді. Мектеп жасына дейінгі бала әріпті білмесе де, қалтателефонды қалай қолдануды біледі. Кішкентай інілерімнің қолындағы смартфонына үңіліп, белгісіз адамдармен сөйлесіп отырып ойын ойнағанын жиі көремін. Кіммен сөйлесіп отырсың дегенімде: «Ойын ғой жәй» дейді. Ойыны ойын шығар, бірақ үзіліссіз қалтателефонның қуаты біткенше отырады. Ойынның ішінде небір боқауыз сөзді де белгісіз біреулердің айтып жатқанын жиі естимін. Ойнамасын деп алып қойсаң, тамақ ішпей қояды, үй жұмысын орындамайды. Бұл әрбір жасөспірім баласы бар үйдің мәселесі.
Компьютердің адам ағзасының физиологиялық жақтарына тигізер зияны айтпаса да түсінікті нәрсе. Дене белсенділігінің аздығы, компьютер клубтарында жарық, белгілі температура, санитарлық режимдер нормаларының сақталмауы жасөспірімдердің организмінің дамуына кері әсерін тигізеді. Бір жағынан әртүрлі прогрессив жаңалықтарда дисплейді қолдану адам өміріне көптеген жеңілдіктер туғызса, екінші жағынан жаңа проблемалар туғызды – “дисплей ауруы” пайда болды. Дисплеймен жұмыс істегенде одан бөлінетін электромагнитті сәуле көзге әсер етеді. Әрине,
ол әркімнің көру жүйесінің бастапқы жағдайы мен адамның жасына байланысты болады.
Бұл ойындарда өмірдегінің бәрі бар және әрқашанда ол сәйкес келе бермейді. Бұл жерде кім боламын десең өз еркіңде, қай жаққа барамын десең де өзің білесің, басқа адамға айналуға мүмкіндік бар. Егер бір нәрсе болмай жатса қайтадан бастауға болады. Бұл жерде барлық қиындықтарды жеңуге болады.
Терминалды көру дисплейін қолданғанда “астенопия” деген жағдай туады, яғни көздің көру қабілетінің функционалдық бұзылуы. Компьютерге құмаралық “аддикцияға” шалдықтырады. Бала күнінен бастап маңызды бір істерге, жауапкершілікке, өз өмірі үшін өзі жауап беретінін сезіндіруге дағдыландырғанымыз дұрыс. Құмар ойын есірткіден де жаман кесапат екенін түсіне тұра, тоқтау қиын. Бұдан шығатын жол қандай? “Компьютерге байлану” сырқатынан арылудың қандай жолдары бар?
Көптеген ата-ана неге оның баласы онлайн ойындарға көп әуес болды деген сұрақ қояды. “Ол өз уақытын неге зая кетіреді? Уақыты бос болса неге компьютер алдына отыра қалады?” -деген көптеген сұрақтар туындайды. Бұл сауалға жауаптар – әр алуан. “Ең әуелі, әке-шешенің жіті қадағалауы қажет. Баласының сабағы мен қызығушылығына қандай бағдарламалар маңызды?” — деген сауалды онымен бірге талқылап, шешім қабылдап, ал зияндыларына құлып салып, түрлі технологиялық тыйымдар жасаулары керек” дейді қатысты адамдар. Сонымен бірге телефонды пайдалану үдерісінде жиі-жиі үзіліс жасап, оған балама іс-әрекеттермен бала уақытын толтырған жөн екен.
“Жарыс”, “атыс” ойындарын ойнайтын оқушылар жүйкелері жұқарған, компьютер ойнағаннан кейін көздері ауырады, оқу үлгерімі нашарлайды. Олар ашуланшақ, есептеу кезінде көп қателер жібереді, жай оқиды, кейде сабаққа дайындықсыз келеді немесе үй жұмысын дұрыс орындамайды.
Баланы жастан. Балаларымызды біз емес, ғаламтор тәрбиелеп жатыр. Осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын компьютерлік ең соңғы жаңалықтарды елдеріне енгізу үшін жылына бірнеше миллиондаған доллар қаржы бөлген елдердің бүгінгі таңда сол технологиялық дамулардың зияндарымен күрестерге соншама қаржы бөлуге мәжбүр болғанын айта кеткеніміз жөн болар. «Е-е-е, қайтер дейсің?» деп енжарлыққа салынып, сол үкіметтердің кебін киіп жүрмейік.
Ұ.ӨСКЕН.