Шымкент: 18 жасар студент автокөліктен әуен тыңдайтын құрылғыларды ұрлап кетті

Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда, үйінің ауласында тұрған «Ваз 21099» маркалы автокөлігіне белгісіз біреулер ұрлыққа түсіп, ішінен әуен тыңдайтын құрылғыларды қолды еткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі 190 000 (жүз тоқсан мың) теңгені құраған.

Орын алған оқиға бойынша тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылып, қылмысты ашу үшін шұғыл түрде іске кірісті. Ұрлық болған аймақты бір шолып шығып, айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап, жақын маңайдағы азаматтардан түсінік алынды. Нәтижесінде, ұрлық жайтына қатысы бар азамат анықталып, басқармаға жеткізілді.Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 18-де, студент.

Тергеу кезінде белгілі болғандай, күдікті таңертеңгі сағат 07:50 шамасында көше бойында ешкім жоқтығын пайдаланып, маңайдағы үйлердің біріне қақпасы арқылы заңсыз кірген. Аулада тұрған автокөліктің ішіндегі әуен тыңдайтын құрылғыларды біртіндеп шешіп, ұрлап, бой тасалаған. Техникалық заттарды сатып, бас пайдасына жаратпақ болыпты.

Сондай-ақ, ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, заңсыз әрекетке қаржы тапшылығынан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді.

Қазіргі кезде күдіктіге қатысты ҚР ҚК-тің 188-бабы 3-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Осы ретте, полиция қызметкерлері азаматтарға жеке мүліктеріне мұқият болып, сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертеді.

 

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.