Шымкент: Алғыс айту күнінде полиция қызметкерлерінің ата-аналарына құрмет көрсетілді

Көктемнің алғашқы күні, 1-наурыз — алғыс айту мерекесінде Еңбекші ауданы полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі А.Әмзеев қызметтік міндетін атқаруда жоғары көрсеткішке қол жеткізген тәртіп сақшыларының туыс-жақындарына құрмет көрсетті.

Іс-шарада қызметтік міндетін мінсіз атқарып, қылмысты ашуға, құқық тәртібін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып жүрген тергеушілер Б.Тлеуберген мен Ә.Тұсқараевтың ата-аналары арнайы шақырылып, басқарма бастығының атынан «Алғыс хат» табысталды.

«Ішкі істер органы қатарынан табылу, елге еңбек ету – үлкен жауапкершілік, зор мәртебе. Полиция болу үшін білім, сауаттылықтан бөлек, сақшының бойында Отанға деген құрмет, патриоттық сезім табылуы маңызды. Ал мемлекет үшін қалтқысыз қызмет етуде, нағыз патриот жанашырларды тәрбиелеп, қалыптастыруда ата-аналар  қауымының алар орны айрықша.

Бүгін осынау атаулы датаны пайдалана отырып, Сіздерге осындай перзент тәрбиелегендеріңіз үшін тек алғысымызды білдіреміз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз», – деді полиция полковнигі Алмас Балтабайұлы.

Атаулы күнде ата-аналар әр адамның өмірінде, тәрбиесі мен мамандық таңдауда үлкен рөл атқаратыны атап өтілді. Сондай-ақ, еліміздің тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті сақтауда атқарып жатқан полиция қызметкерлерінің еңбегі орасан зор екендігіне де ерекше назар аударылды. Ал мұндай маңызды  қызметке лайық, болашағынан үміт күттіретін жастардың қатарға көптеп қосылуында айналасындағы жанұясының қолдауы үлкен рөлге ие.

Өз кезегінде, тәртіп сақшыларының ата-аналары Т.Балғабаев пен А.Балғабаева, Ғ.Шахаманов пен Г.Досанова осылайша мереке күні өздеріне ерекше көңіл бөліп,  төрден орын берілгеніне қуанып, әсерлерімен бөлісті.

        «Дәл қазір кеудемді қуаныш кернеп тұр. Тәрбиелі, еліне адал еңбек ететін перзент тәрбиелеуде ата-ананың атқарар рөлі үлкен. Балаңды мақтан тұту осы болар, сірә?!  Полиция – елдің қорғаны. Тәртіп сақшылардың жұмыстарына сәттілік, отбасыларына амандық тілейміз. Аспанымыз ашық, бейбіт өмір бола берсін, – деді Тимур Тлеубергенұлы.

       Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.