ШЫМКЕНТ: «БИЗНЕСКЕ ЖОЛ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 550-ДЕН АСТАМ КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛДЫ
Шымкент қаласында «Бизнеске жол» жобасы қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бұл бағытта жұмыс атқаратын арнайы мобильдік топ құрылып, бизнес өкілдерімен жан-жақты кездесулер ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсат — кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою.
Осының негізінде, үшінші мегаполисте Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 370 бизнес субъектісін қамтитын 14 кездесу өткізді. Нәтижесінде білім беру, жер, салық, СЭС салаларындағы кейстер шешіліп, 550-ден астам шағын орта бизнес өкілдерінің құқықтары қорғалды.
Айтып өтейік, іс-шаралар Кәсіпкерлер палатасының, аудан әкімдіктерінің алаңдарында, «Алаш», «Айна» базарларында, сондай-ақ қаланың сауда орталықтарында өтті. Тұран және Әл-Фараби аудандарының кәсіпкерлерімен өткен кездесуде шағын және орта бизнестің жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту кезіндегі кедергілерге, «Қырғы базардағы» ретсіз саудаға және тұрақ орындарының болмауына байланысты шағымдар назарға алынды.
Бұдан бөлек мобильді топ өкілдері кәсіпкерлердің жерді рәсімдеу, сәулет және басқа да бақылаушы құрылымдардан рұқсат алу, коммуникацияларды қосу және мемлекеттік қолдаулар кезінде кездесетін өзекті мәселелерді талқылап, шешілу жолдарын түсіндірді.
Кәсіпкерлерге құжат әзірлеуде, грант, несие алуда, тағы да басқа салаларда кедергілер туындаған жағдайда, Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін «1424» Call-орталығына қоңырау шалып, заңсыздықты хабарлауға болатыны туралы айтылды.
«Бизнеске жол» жобасы тек кездесулермен шектелмейді, бұл бағытта атқарылатын шаруа көп. Сондықтан аталған жоба алдағы уақытта да жалғасын табады.