Шымкент: Диплом аламын деп, 500 мың теңге қаржысынан айырылды
«Диплом алып беремін» деп тұрғындардан заңсыз ақша алып, айласын асырғандар саны азаймай тұр. Кезекті жайт Шымкент қаласында орын алды.
2022 жылдың 17-қазанында, сағат 17:25-те Әл-Фараби АПБ-на жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, бес жылдан бергі танысы «колледждердің бірінен диплом алып беремін» деп, 500 000 ( бес жүз мың) теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп алғанын жазып көрсеткен.
Аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Кентау қаласының 24 жастағы тұрғыны болып шықты, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі