ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті халықпен кері байланыс орнату арқылы ашықтық пен адалдық құндылықтарын дәріптеу жұмыстарын белсенді жүргізуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері аудан тұрғындарымен кездесті.
Шара барысында Департаменттің өкілі Жазира Әлжанова тұрғындарға мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан стратегиясы мен жемқорлықтың алдын алу бойынша қолға алынған жаңа жобалар жайында ақпарат берді.
Тұрғындарға Мемлекет басшысы қол қойған Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар таныстырылып, азаматтарды жемқорлық туралы хабарлағаны үшін көтермелеу институты жайында ақпарат берілді.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара немесе залал сомасының 10 пайызын ала алады, бірақ бұл көрсеткіш төрт мың айлық есеп көрсеткішінен аспайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда азаматтық белсенділіктің жоғары болуы ортаға салынған кездесу соңында Агенттіктің тәулік бойы қызмет ететін 1424 сall орталығына қоңырау шалу қажеттілігі түсіндіріліп, жиынға қатысушылардың тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға нақты жауаптар берілді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.