ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ЖОЛШЫБЕК ШАЙХСЛАМОВ: «ШЫМКЕНТТЕ КОММУНАЛДЫҚ МӘСЕЛЕ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ»

Шымкент қаласы Қазақстанның ауа райы жылы, жері шұрайлы оңтүстігінде орналасқан. Сондықтан бұл шаһарға шетелдегі қандастарымыздың басым бөлігі көшіп келуде. Қала берді, Түркістан облысы болып бөлініп кеткен ауданнан да қоныс аударушылар аз емес.

Сонымен бірге, жергілікті халықтың демографиялық өсу динамикасы жоғары. Мұның бәрі мегаполисте жаңа шағынаудандардың көбеюіне әкеліп, су, газ, электр энергиясы түйткілдерін арттырмаса кеміткен емес. Ал қордаланған мәселенің бәрі айналып келіп Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасына жүк болады. Атқарар тірліктері тұрғындардың тұрмысына тікелей қатысты болғандықтан күрделі. Сөйте тұра, үстіміздегі жылы аталған салада қыруар жұмыстар атқарылды. Шаһардың деңгейін шын мәніндегі мегаполис атауына жақындатқан басқарма басшысы Жолшыбек Мұхтарұлы Шайхсламовты сөзге тартқанды жөн көріп едік. Жолшыбек Мұхтарұлы да уақытының тапшылығына қарамастан бірнеше сұрақтарымызға жауап беріп еді. Екеуара әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Үстіміздегі жылы «Жаңа талап» елді мекенінің тұрғындары мен Парламент депутаттарының кездесуінде ауыз су жетіспеушілігі және көгілдір отын қажеттілігі туралы айтылып қалып еді. Көтерілген мәселелер өз шешімін тапты ма?

– Бүгінгі таңда «Жаңа талап» елді мекені тұрғындары ауыз сумен толық қамтамасыз етіліп, темір бетонды екі су жинау нысаны салынуда. Бұл құрылыс 25 желтоқсан күні пайдалануға беріледі деп күтілуде. Одан соң «Жаңа талапта» ауыз су мәселесінің түйіні толыққанды тарқатылмақ. Ал көгілдір отын мәселесіне келсек, өздеріңізге мәлім Шымкент қаласында «АГРС-3» деп аталатын газ тарату станциясы құрылысы аяқталу үстінде. Станция енді-енді толық іске кіріседі. Осы себептен газы жоқ аумақтарға көгілдір отын жүйесін тартуды кейінге қалдырғанбыз. Соңғы күндері тұрғындардан көгілдір отын қысымының әлсіз екенін естіп жүрсіздер. Мұндай жағдайда газ жүйесін тартып тастағанымыздан не пайда, егер ертең көгілдір отын жетпей қалса, жүргізіп тастаған құбырлар бекерге жатып қалады.

– «Ынтымақ-2» шағын ауданының бір бөлігіне газ жүйесі тартылмаған. Бұл мәселе шешімін таба ма?

– Әрине, шешімін табады. Біз Шымкенттегі су, газ, электр желілерімен қамтылмаған аумақтардың мәселесін 2025 жылға дейін толыққанды шешу үшін алдымызға міндеттемелер қойып отырмыз. «Ынтымақ-2» шағынауданы әрқашан біздің назарымызда. Көгілдір отын жүйесін тарту ісіне енді кірісеміз. Айта кетерлігі, «Ынтымақ-2» шағынауданындағы шамамен 100-150 үйді жылдың соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарда бар. Сонымен бірге, аталған шағынаудандағы электр жүйесі тартылмаған бөлігіне 2021 жылы бағаналары орнатылып, сымдары тартылады.

– Қалада тасымал су жеткізіліп отырған шағынаудандар қанша?

– Тасымал су пайдаланып отырған «Ақтас-2» тұрғын алабы, «Асар-2», «Солтүстік Саяжай», «Жаңа Тұрлан», «Батыс» және «Ынтымақ-2», «Тұран» шағынаудандары. Бұл мәселеде «Солтүстік Саяжайда» тұрғындарға әзірге 6 нүктеден су алуға жағдай жасадық. Көпшілік суды сол нүктелерден ала тұрады. «Тұранда» биыл су жүйесі іске қосылады. «Жаңа Тұрлан», «Батыс», «Асар-2»-ге магистралды құбыр тартылмағандықтан, жұмысты тоқтатып тұрмыз. Алдағы уақытта «Тұранның» жоғарғы жағымен магистралды құбыр тартамыз. Сонда аталған шағынаудандардың да бірқатарындағы ауыз су мәселелері біржолата шешіледі.

– Бұдан біраз уақыт бұрын қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындарды онлайн қабылдаған болатын. Сол кезде 189-орамның тұрғыны А.Айдаров үйлерге көгілдір отыннның қашан берілетінін сұраған еді.

– 189-орам қаладағы «Шымсити» аталып кеткен аумақ. Сұрақта айтылған мәселе тосыннан газ берілмей қалған жағдай емес. Болмаса көптен бері көгілдір отын тартылмаған да бөлік емес. Ол жерде газ құбыры да бар. Тек сіз айтып отырған үйлер жаңадан салынған көпқабатты үйлер. Көпқабатты үй тұрғызыла салысымен газға әйтеуір қосыла салмайды. Алдымен үйлердің құжаттары дайын болуы керек. Әр пәтерге жеке шот ашылу қажет. Жақында ондағы 8 үйдің екеуінің құжаттамалары дайын болып, көгілдір отын берілді. Енді қалған 6 үйдің құжаттамалары мердігермен жасалуда. Бұл жөнінде газ беруші мекемелермен сөйлесіп қойғанмын. Егер қажетті құжаттар дайын болса, газ берілуге дайын тұр.

– Бірер жыл бұрын қала шетіндегі қалдық су қоймасы Ордабасы ауданына көшіріліп, ыңғайсыз иістен құтылатынымыз туралы хабарланып еді.

– Жаңа шағынаудандардың маңында бұрынғы шатқалдарға Кеңес Одағының кезінде кәріз суы жиналған. Бүгінгі таңда кейде соның иісі шығады. Дей тұрғанмен, қазіргі уақыттың өзінде де соған ешқандай кәріз суын бармасын деген мақсатта жаңа құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Демек, алдағы уақытта жағымсыз иіс мәселесі шешіледі. Тек шатқалдар арасына Кеңес Одағы кезінде жиналған қалдық сулардың сіңіп жоқ болуына да біраз уақыт керек. Ал тазарып шыққан шайынды судан ондай жағымсыз иіс шықпайды. Кәріз суы соңғы технологиямен тазартылып жатқан соң оны көшіру маңызды емес. Ашығын айтқанда, кәріз су қоймасы көшірілмейді.

– Кей көше тұрғындарына жекелеген азаматтар газ құбырын тартып жатады. Солардың ісі қаншалықты дұрыс?

– Әр көше тұрғындарымен келісіп, газ құбырын тартып беретін топтар бар. Бірақ, олардың ісі заңсыз. Мұндай топтар газ құбырларын қауіпсіздік шараларын

ескерместен қалай болса, солай тартып бере салады. Ертеңгі күні сол жекелер жүргізген құбырдан түрлі ақаулар шығып жатады. Көгілдір отын арнайы жасалған жобамен жүргізілуі тиіс. Газ құбырын тарту жұмыстарын нақты мамандар жасасын. Ал жекелеген топтардың кімдермен келісіп газ құбырын тартатынын білмедік. Тұрғындар арасында «Газ құбырын жүргізушілер менен көп көлемде қаржы сұрады. Сұралған қаражатты тауып беруге шамамыз жоқ» деп біздің мекемеге хабарласатындар бар. Біріншіден, жеке топтарға біздің қатысымыз жоқ. Екінщіден, басында олармен келіскен өздері. Дегенмен, біз олардың ісіне тоқтам салуға кірістік. Қаладағы аудан әкімдіктерімен бірігіп осы мәселеге қатысты жиын өткіздік. Жекелеген топтар тартқан көгілдір отын жүйесі сапасыз болатыны, газ құбырының әр тұсынан әркім құбыр тарта берген соң көгілдір отын қысымы да әлсіреп қалатыны айтылды. Өзіміз де көгілдір отыны жоқ аумақтардың бәріне сметалық жоба дайындаудамыз. Яғни, алдағы уақытта газ құбырын өз беттерінше тартатын топтардың ісіне тоқтам болады деген үміттеміз.

– Қарабастау алабындағы жаңа құрылыс аумағына электр энергиясы қашан беріледі?

– Қарабастау алабындағы жаңа құрылыс аумағын «Оңтүстік жарық транзит» серіктестігі 2021 жылдың соңында сапалы электрмен қамтамасыз етіп болуы керек. Алдағы жылы Қарабастау алабындағы тұрғындар сапалы электр энергиясына толыққанды қол жеткізуі тиіс.

Сұхбаттасқан Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.