Шымкент: «Кәсіп бастаймын» деп, 180 мың теңгесінен айырылды
2022 жылдың 11-желтоқсанында, Абай АПБ-на жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, бір жылдан бергі танысы «Мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаржы (грант) 1 200 000 (бір миллион екі жүз мың) теңге алып беремін» деп, алдын ала 180 000 (жүз сексен мың) теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп алғанын жазып көрсеткен.
Аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматшаны тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Тергеу барысында ұсталған азаматша заңсыз әрекетке қаражаттан қысылғандықтан барғанын мойындады. Сондай-ақ, алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.
Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі