Шымкент: Көтерме бағада тауар аламын деп, бес миллион теңгесінен айырылды
Қаратау ауданы Полиция басқармасына жергілікті жердің 33 жастағы тұрғыны арызданған. Ол өз арызында 2022 жылдың 28-қыркүйегінде, қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде сатушы болып жұмыс жасайтын танысы көтерме бағада киім-кешек жеткізіп беремін деп, 5 000 000 (бес миллион) теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп алғанын жазып көрсеткен.
Аталған жайт ҚК-тің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлерімен күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданып, жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматшаны қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 24-те, саудагер, бұрын-соңды сотты болмаған.
Ұсталған азаматша заңсыз әрекетке қордаланып қалған қарыздарынан құтылу мақсатында барғанын мойындады. Алған ақшаны қарыздарына таратып жіберген.
Қазіргі кезде күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.
Тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі