Шымкент: Полицейлер мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер әперемін деп, тұрғынды алдаған азаматты ұстады

Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, танысы мемлекеттік бағдарлама арқылы аз мерзімде пәтер әперемін деп сеніміне кірген. Сондай-ақ, құжаттарды рәсімдеу үшін 950 000 теңге керектігін айтып, есепшотына аудартып алған. Алайда, арада уақыт өте телефон қоңырауларына жауап бермей, не ақшасын қайтармай ізін суытқан.
Аталған жайт бойынша, тәжірбиелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде, полицейлер тұрғынды алдап ақшасын иемденген азаматты қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізді. Ол 37 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азамат арызданушыдан алған қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап жіберген.
Қазіргі таңда азаматқа қатысты ҚР ҚК-190 бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысының бар жоғы анықталып жатыр.
Осы орайда, шымкенттік тәртіп сақшылары қала тұрғындарынан алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды, белгісіз азаматтарға артық сенім білдірмеу керектігін қатаң ескертеді.
Егер Сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.