Шымкент: Полиция департаментінде консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы өтті
Шымкент қаласы полиция департаментінің кіші мәжіліс залында ҚР ішкі істер органының құрметті ардагері консультативтік-кеңесші органның төрағасы отставкідегі милиция генерал-майоры Ж.Ә.Сұлтановтың төрағалығымен консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті.
Жиынға департамент бастығы полиция генерал-майоры Қ.С.Дәлбеков, департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі С.Ж.Абдуллаев, «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Л.Д.Доброта, «AMANAT» партиясының мүшесі Қ.Н.Сұлтанғали, «Айғақ» қоғамдық телеарнасының директоры М.А.Серікбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі И.А.Хашимжанов, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі У.Т.Мылтықов, Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Е.В.Точилова және полиция департаменті басқармаларының басшылары мен жеке құрамы қатысты.
Аталған іс-шарада жеке құрам арасындағы қоғамдық құқықтық тәртіп, заңдылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды.
Милиция генерал-майоры Жеңісбай Сұлтанов: ”Парасаттылық дегеніміз — адамның жеке өзінен және білімді әрі сауатты болуымен тікелей байланысты. Заңды білетін адам ешқашан қылмысқа бармауы тиіс. Қатардағы сақшылардың сауатын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру — қоғамнан бұрын, ІІО-дағы жүйеден басталады. Айтайын дегенім, қазіргі полицияда жаңару да, өсу де бар. Бастысы, халыққа жақындап, үдесінен шығып жатқаны — үлкен жетістік”,-деп бүгінгі толқын полиция қызметкерлерінің жұмысына бағасын беріп, салада әділдік пен парасаттылықты қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу кезінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде полицейлерді парасаттылыққа тексеру тетігін (Integrity check) енгізудің басымдықтары талқыланды, яғни полиция қызметкерлері арасында жүргізіліп жатқан парасаттылықты тексеру болып табылады. Сондай-ақ «Қоғаммен әріптестікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тұжырымдамасының 2024-2028 жылдарға арналған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің Әдеп кодексінің негізгі мақсаттары айтылды.
«Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекіткен болатын. Оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2023 жылы құқық қорғау және сот органдарында парасаттылықты тексеру көзделген. 11 қаңтарда ІІМ алқасында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ішкі істер органдарының қызметкерлерін парасаттылыққа тексерудің пилоттық жобасының іске қосылғанын хабарлады. Жоба аясында, ең алдымен, күн сайын халықпен тығыз байланыста жүретін бөлім қызметкерлері, яғни патрульдік, ювеналды, көші-қон полициясы және учаскелік полиция инспекторлары сияқты қызметкерлер тексеріледі. Ең әуелі, қайырымдылықты, азаматтармен қарым-қатынастың әдептілігін және қызметкерлердің олардың өтініштеріне жедел жауап беруін тексеруге баса назар аударылады» — деді департамент бастығы полиция генерал-майоры Қ.С.Дәлбеков.
Сонымен қатар, Консультативті-кеңесші органның мүшелері тұрғындар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды ұсынып, полицияның сервистік моделін енгізудің қағидаты бойынша азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасауға ден қоюды және ашықтықты қамтамасыз етуді атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Икрамжан Хашимжанов тәртіп сақшыларының қоғамдағы орны, ондағы идеологиясы, психологиялық ахуалын алға тартып, бұл бағыттағы игі жұмыстарды жетілдіру үшін қолға алынған жоба-жоспарларды құптайтынын жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, ұтымды ұсыныстарын білдірді. Айта өтетін ақпарат, бұл ауқымы кең шара полиция қызметін жақсарту, қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың сенімі мен полиция қызметкерлерінің беделін нығайтады. Сондықтан, келесі жиын сәуір айында өтеді деп жоспарға қойылды.
Құрметпен,
Шымкент қаласының ПД