Шымкент: Полиция қызметкерлері жас аналарға қолдау көрсетті
Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері «Ана үйі» қоғамдық қорына арнайы барып, ондағы аналар мен бөбектердің хал-жағдайымен танысты.
Шараның басты мақсаты – өмірде қиын жағдайға тап болып, жақындарынан қолдау көрмеген аналарға қандайда бір материалдық және моральдік-психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету.
Сондай-ақ, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізу. Полиция қызметкерлері бұл жолы да аналармен жекелей жүздесіп, құқықтық кеңес беруді ұмытқан жоқ.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі таңда кей нәзік жандылардың басты проблемасының бірі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айта бермейді. Осындай түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан зардап шегіп, қайда барарын білмей басы дел-сал болған нәзік жандылар қауымының бүгінгі таңдағы бас сауғалайтын аялы мекені – «Ана үйі. Сондықтан да отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жолында құқықтық және практикалық шараларды іске асырып, оның себептерін кешенді түрде анықтап, тоқтату – басты мақсат», — деп қорытындылады Ж.Спанова.
Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі