Шымкент тағы бір демалыс орнымен толықты
Оңтүстік Қазақстан облысында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай «Бекет батыр» арбаты ресми түрде ашылып, лентасы қиылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысып, қала қонақтары мен тұрғындарын құттықтады.
«Шымкент – еліміздегі Астана мен Алматыдан кейінгі ең ірі қаланың бірі екені баршаңызға белгілі. Сондай-ақ, Шымкент өз тарихында жасыл қала болып қалыптасқан. Бүгін қаланы одан әрі көгалдандырып, көркін ашатын демалыс орындарын санын арттыру мақсатында «Бекет батыр» арбаты халықтың игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Бүгін міне осындай иігілікті шараның куәсі болып отырмыз. Олай болса жаңа арбат қала тұрғындарының жазда саялайтын, таза ауамен тыныстайтын демалыс орнына айналсын. Баршаңызға сәттілік, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін!», – деді Жансейіт Түймебаев.
Арбаттың ұзындығы бір шақырым шамасында. Онда жаңа шамдар ілініп, орындықтар қойылған. Мұндағы 3600 шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 2000 шаршы метр жерді аяқ жолдар алып жатыр. Бұдан бөлек, ол жерге 700-ге жуық жөке, талшын, аққайың сынды ағаш түрлері мен 1000 түп раушан гүлі егілді. Түнгі арбатты жарық етуге 76 көше шамдары мен 45 кіші торшерлер қойылды.
Сондай-ақ, облыс әкімі 11, 12 шағын аудандары арқылы ағып өтетін Шымкент каналының маңындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы сала мамандарына ұзындығы 20 шақырымды құрайтын су арнасының көпқабатты тұрғын үйлер шоғырланған жағалауын демалыс орындарына айналдыруды тапсырған болатын.
Бүгінде аталған жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда. Канал бойында 51 гараж болса, оның 31-ін гараж иелері өз еркімен бұзған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі