Шымкент: Той ұйымдастырғандар анықталды
Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері карантин талаптарының сақталуы бойынша күнделікті рейдтік-профилактикалық іс-шараларды жүргізуде. Кезекті тексеру барысында мобилдік топ өкілдері карантин ережелерін өрескел бұзу жайттарын анықтады. Мәселен, Шымкент қаласы Жолдасбеков көшесінде орналасқан «Көксарай» мейрамханасында жиын өткізіліп жатқаны белгілі болды. Тәртіп сақшылары 50 адам жиналған шараға келушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жиналған қауымды тарқатты.
Сондай-ақ Шымкент қаласы Е.Спатаев көшесінде орналасқан «Керуен сарай» мейрамханасында үйлену тойын өткізгендер анықталды. Мерекелік шараға тосыннан кіріп барған тәртіп сақшылары онда 100-ден аса азамат жиналғанын анықтады. Аталған жайттар бойынша адамдардың көптеп шоғырлануына жол беріп, той өткізген тұлғалар мен нысан иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) әкімшілік хаттама толтырылды.
Өз кезегінде Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері тұрғындардан карантин талаптарын сақтап, бетперде тағып, арақашықты сақтауды сұранады.