ШЫМКЕНТ: ТҰРҒЫН ҮЙ САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қалалық тұрғын үй басқармасының ұжымымен онлайн кездесу өткізді.
Шараға Департамент басшысы А.Жұмағали мен оның бірінші орынбасары Т.Серікбаев және қала әкімінің орынбасары Б.Мамыталиев қатысты.
Онлайн шара барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кеңінен түсіндірілді.
Сондай-ақ, «Тұрғын-үй Шымкент» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде ұсыну қаралды.
Шара барысында ұсынуда көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен мән-жайлар талқыланып, осы тектес бұзушылықтардың алдағы уақытта орын алуын болдырмау үшін тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Одан бөлек, басқарма қызметкерлері арасында парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік құндылықтарын енгізуге баса назар аударылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамаға сәйкес басшыларға бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алу міндеті енгізілгендігі, ал бұл міндеттің орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы басшының тәртіптік жауапкершілігіне әкеліп соғатындығы қатысушылар назарына жеткізілді.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Осы нөмірге қоңырау шалу арқылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпаратты сеніп қалдыруға немесе кеңес алуға болады.