Шымкент: Ұялы телефонды қолдануға сұрап алып, қайтармай қойған
Оқиға 2022 жылдың 18-желтоқсанында, сағат 11:20-да орын алған. Бір жылдан бергі танысы «Samsung A52» ұялы телефонды қолдана тұрамын» деп, уақытша сұрап алып, кері қайтармаған.
Әл-Фараби АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті жердің 25 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында, өзі жұмыс жасайтын автожуу бекетіне көлік жуушы болып жаңадан келген жігіт оның «Samsung A52» маркалы ұялы телефонын қолдануға уақытша сұрап алып, заңсыз иемдену үшін оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 200 000 (екі жүз мың) теңге.
Аталған жайт ҚР ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жүргізілген жедел іздестіру іс-шарасы барысында күдіктінің ізін суытпай, бір тәулік ішінде Түркістан қаласының аумағынан қолға түсірді. Ол Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 25-те, жұмыссыз.
Қазіргі кезде ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осы тектес жайттарға қатыстылығын анықтауда. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаменінің Баспасөз қызметі