Шымкент: Заңсыз аңшылықпен айналысқан алты азамат ұсталды
2022 жылдың 31-қазанында, Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының Табиғатты қорғау тобы және Қаратау АПБ-ның учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, рейдтік іс-шара өткізді.
Аталған іс-шараның мақсаты – браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу болып табылады.
Шара барысында арнайы топ қала аумағындағы «Қайнарбұлақ» тұрғын алабының жанындағы жазық даладан күндізгі сағат 13:30 шамасында заңсыз аңшылықпен айналысып жүрген алты ер адамды байқайды.
Тәртіп сақшылары олардың қаруларын тексеру кезінде заңды тіркелгені белгілі болды. Алайда, еш бірінің аңшылық жасауға рұқсат қағаздары болмаған. Осыған байланысты күдікті 6 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігі (Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидалаларын бұзу) бойынша хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары заңмен тыйым салынған құралдарды сатудағы шектеулер туралы толығырақ айтып, заңсыз аңшылықпен айналысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтыратынын жеткізді.
Айта кетейік, республика көлемінде қолға алынған «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы 20-қарашаға дейін жалғасады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі