Шымкентте әскери қызметкерлерге абақтыдағы өмір таныстырылды
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп мемлекеттік қызметкерлерді түзету мекемелерінде қамаудағыларды ұстау жағдайларымен таныстыру тәжірибесін жалғастыруда.
Бұл жолы Шымкент гарнизоны әскери бөлімі бөлімінің, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің, қалалық әскери-техникалық мектебінің, әскери кафедралар басшылығы мен әскери бөлім командирлері, жалпы саны 90-ға жуық адам Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №69 РМ мекемесінің тергеу изоляторында болып, темір тордың арғы жағындағылардың тыныс-тіршілігін өз көздерімен көрді.
Мақсат – әскери ортада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, антқа адал болуды насихаттап, олай болмаған жағдайда қандай жаза күтіп тұрғанын сезіндіру болып табылады.
Тергеу изоляторының қызметкерлері тергеу кабинеттерін, қылмыскерлерге арналған камераларды, серуендеуге арналған орын мен карцерді көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәжірибе 2019 жылдың соңынан бастау алған. Биылғы жылдың өзінде тоғыз сала өкілдерінен, атап айтқанда білім, мәдениет және қалалық орта сапасы және бақылау басқармаларының, ішкі мемлекеттік аудит, әділет, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің және тағы да басқа сала өкілдерінен 350-ден астам мемлекеттік қызметкерлер түзету мекемелерінде қамаудағыларды ұстау жағдайларымен таныстырылған.
Айта кетейік, бүгінде аталған мекемеде 710 адам қамауда болса, оның 500-і тергеуде. Үкім шығып заңды күшіне енбегеген аппеляциялық сот шешімін 120 адам күтуде, оның 80-і нәзік жандылар, сотталып жаза өтеушілер 80 адам, қамауда жемқорлық баптармен отырғандар саны — 30 адам.