ШЫМКЕНТТЕ БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІНЕ ЖЕТІ ӨҢІРДІҢ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРІ ҚАТЫСТЫ
Шымкент қаласы «Арбат» алаңында өткен «Мүмкіндіктер алаңы» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне бұл жолы 7 өңірден келген жұмыс берушілер қатысты. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарынан арнайы келген мекеме өкілдері өз өңірлеріне Шымкенттен жұмыс күшін тартуды көздейді. Аталған өңір делегаттары жәрмеңкеде жұмыс іздеуші азаматтарға ауыл шаруашылығы, медицина және білім беру сынды түрлі салалар бойынша 1500-ден астам жұмыс орнын ұсынды.
Мәселен, Қостанай облысында ауылшаруашылығымен айналысатын «Агропарасат» ЖШС-не мал дәрігері, дәнекерлеуші, механизатор және жүргізуші сынды мамандық иелері қажет. Қожалық директоры Азамат Жолаушыбаевтың айтуынша, жұмысшылардың орташа жалақы мөлшері 240 мыңнан басталады.
— Одан бөлек бірқатар материалдық және әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі. Ең бастысы ауылымызда халық саны көбейіп, жұмыс күшінің артқанын қалаймыз,- дейді қостанайлық шаруа қожалығының иесі.
Солтүстікке қоныс аударушыға және оның әрбір отбасы мүшелелеріне –бір рет 70 АЕК (241 мың 500 теңге ) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Тұрғын үй сатып алуға, салуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдалануға 4 млн. теңгеден аспайтын көлемде тұрғын үй құнының 50 %-на экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Қоныс аударушының отбасына, оның ішінде жалғысбастыларға он екі ай бойы тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін материалдық көмектер беріледі. Атап айтқанда, қалалық жерлерге көшкені үшін 1 адамға 69 000 теңге. Отбасы мүшелерінің саны 2-4 болса 86 250 теңге, 5 және одан көп болған жағдайда 103 500 теңге бөлінеді. Ауылдық жерлерге қоныс аударғандарға 1 адам үшін 51 750 теңге, отбасы мүшелерінің саны 2-4 болған кезде 62 100 теңге. Ал,жанұя құрамы 5 және одан көп болған жағдайда 72 450 теңге беріледі.
Жәрмеңкеде өзге өңірлерге қоныс аударуға 65 адам ниет білдірді. Былтыр Шымкент қаласынан Солтүстік өңірлерге 200-ге жуық отбасы қоныс аударған болатын. Өзге өңірлерде тұрақты жұмыспен қамтылғандардың арасында өз кәсібін ашқан 11 адам бар.