Шымкентте демалыс күндері 100-ден астам жасөспірім балалар «коменданттық сағатын» бұзған

Ювеналды полиция инспекторлары балаларды түнгі уақытта көшеде, қоғамдық орындарда және ойын-сауық мекемелерінде болуы мүмкін қауіпті жағдайлардан қорғауға бағытталған түнгі рейдтік іс-шараларды күнделікті өткізеді.

Осындай рейдтер барысында өткен демалыс күндері мегаполис аумағында полиция қызметкерлері үйінен тыс жерде заңды өкілінсіз жүрген 104 жасөспірімді анықтады. Бұл үшін балалардың ата-аналары жауапқа тартылды.

ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден 6:00-ге дейін көшеде жалғыз жүргендері үшін 102 азаматқа ескерту берілді. Осы баптың бірінші бөлігі бойынша жасөспірімдердің ойын-сауық мекемелерінде сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін болғаны үшін 2 ата-ана жауапкершілікке тартылды, ал кәмелетке толмағандардың түнгі ойын-сауық мекемесінде болуына жол берген тұлғаға ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша айыппұл салынды.

Түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайынан тыс ата-анасыз жүрген жасөспірім анықталған жағдайда, ол полиция бөлімшесіне жеткізіліп, онда жеке басы анықталады және ата-анасы хабардар етіледі. Бұл ретте, егер жасөспірім ойын-сауық мекемесінде болса, оның ата-анасына 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер көшеде жүрген болса, ата-анасына бірінші рет ескерту беріледі. Алайда, бұзушылық екінші рет қайталанса, кәмелетке толмағанның заңды өкіліне 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Осыған байланысты, тәртіп сақшылары ата-аналардан кәмелетке толмаған балаларды түнгі уақытта қараусыз қалдырмауды сұрайды.

 

Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.