Шымкентте екі білім беру нысаны ашылды
Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қос бірдей әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, жұрт қуанышы еселенді. Үш тілде білім беретін екі ғимараттың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы барып қатысты.
Алдымен, әкімшілік-іскерлік орталығында салынған 320 орындық «Атамекен» балабақшасы ел игілігіне берілді. Бөбекжай соңғы талаптарға сай, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда әр топқа арналған ойын алаңшалары, қысқы-жазғы шомылу бассейндері бар. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі үшін барлық бөлмелерде және аумағына бейнебақылау камералары орнатылған. Жас өрендердің тәрбие алуына және олардың бойына білімнің алғашқы негізін қалауға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Жаңа балабақшада 100-ден астам жұмыс орны құрылып отыр.
Осы күні Сайрам тұрғын алабында 900 орындық жекеменшік «Арафат» жаңа мектебінің лентасы қиылды. Мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Білім ордасында оқушылардың қолөнермен, тігін тігумен айналысуына, түрлі өнер үйірмелері мен спорттық шараларға қатысуына мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, жалпы шаһарда мемлекеттік және жекеменшік 147 мектеп болса, оларда қазіргі таңда 200 мыңға жуық бала білім алады. Ал, жыл сайын мектепке баратын бала саны 20-25 мыңға артып келеді. Бұл дегеніміз қалаға жыл сайын көптеген жаңа мектептер салу қажеттігін аңғартады. Яғни, мектептің мәселесін шешуде орта білім саласына жекеменшік капиталды тарту қажет-ақ.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің жаңа жүйесі бойынша осындай жекеменшік салынған мектептерге мемлекеттік тапсырыс бойынша жан басына шаққанда қаражат төленеді. Бүгінде бұл жүйеге қаладағы бірқатар мектептер көшкен.