Шымкентте: қайырымдылық қорының мүшесімін деп 60 дүкеннен ақша жымқырған алаяқ ұсталды
Бүгінде бөтеннің сеніміне кіру арқылы алдап, алаяқтық әрекеттерін іске асыратындар қатары көбейген. Шымкент қаласының полицейлері осындай оңай жолмен ақша табатын алаяқты құрықтады.
Осы тұста, Абай АПБ-на 102 сымтетігі арқылы белгілі бір қайырымдылық қордың өкілі арызданған. Ол өз шағымында, қордың атын жамылған белгісіз азаматтың 60 сауда нүктесінде орналасқан жәшіктердегі қаражатты заңсыз жолмен иеленгенін көрсетті. Яғни, ол сатушыларға өзін аталған мекеменің қызметкері ретінде таныстырып, сеніміне кіру арқылы 300 000 теңгеге жуық қаржыны жымқырған. Шағым түскен сәттен бастап, тәртіп сақшылары жедел іздестіру жұмыстарына кірісті. Іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті жалдамалы пәтердің бірінен ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда, аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкенттік полицейлер алаяқтардың арбауына ермей, кез-келген мәселеңізді заң жүзінде шешіңіздер деп ескертеді. Егер де, сіз, алаяқтық қылмысына куә болсаңыз немесе құрбаны болсаңыз “102 “ шұғыл нөміріне хабар беріңіздер. Өйткені дер кезінде берілген ақпарат, қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.
Шымкент қ. ПД-нің баспасөз қызметі