ШЫМКЕНТТЕ МӘДЕНИЕТ ҰЖЫМДАРЫ ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында жаппай тәртіпсіздік кезінде қираған нысандар мен мүліктерді жедел қалпына келтіруді тапсырған болатын. Елімізде 4-5 қаңтар күні орын алған тәртіпсіздік салдарынан Шымкенттегі бірқатар мәдениет нысандарына да зақым келген.

Әсіресе, әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан «Көрме» орталығы түгелдей өртеніп, «Түркістан» сарайы мен Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының терезелері сынған.

Бүгінде Шымкент қаласы әкімдігі жанынан құрылған шығындарды есептеу комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Комиссия мекемелердегі шығын келген мүліктердің тізімін жасап, қаржысын есептеуде.

Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының ұжымы қалыпты жұмыс режиміне түскен. Тәртіпсіздік салдарынан пайда болған қоқысты театр қызметкерлері өз күшімен тазалаған.

— Әкімшілік-іскерлік орталықтағы трансформатордың істен шығуына байланысты театр 1,5 тәулік жарықсыз қалды. Ғимаратқа да біршама зиян келді. Бірінші, екінші қабаттағы 32 терезенің әйнегін айнала сындырып тастаған. Ал, театрдың қасбетіндегі витраждың түрлі көлемдегі 33 әйнегі жарамсыз. Театр алдындағы бағаналарда оқ тию салдарынан жарықтар пайда болған. Тәртіпсіздік кезінде сынған терезелерге жарылғыш қоспа лақтыруға әрекеттенген. Жарылғыш  қоспа терезеге жетпей, жалынынан ғимарат сыртының бірнеше тұсы күйеленген. Театр балансындағы электр-дизельді генератордың басқару пультіне терезеден түскен қатты заттан зақым келіп, істен шыққан. Комиссия жарамдылық деңгейін анықтауда. Сонымен қатар, автотұрақта тұрған театрдың ПАЗ-32054 маркалы автобусы, сол күні ауысымға түскен вахтер мен іс-сапардағы актердің жеке автокөлігі өртеніп кеткен. Театр сыртындағы гранит қаптаманың шамамен 150-160 шаршы метрі талқандалған, — дейді Ж.Шанин атындағы академиялық драма театр директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары М.Ергешов.

Мамандардың айтуынша, сынған терезелер театрдың жылу жүйесіне едәуір әсер етіп отыр. Жағдай реттеліп, әйнектер орнатылғанға дейін ұжым қызметкерлері фонер, түрлі полиэтилен материалдармен уақытша бекіткен.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.