ШЫМКЕНТТЕ ОНЫНШЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Үшінші мегаполисте «Жұлдызай» оңалту орталығы ашылды. Медициналық орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов, орталық басшылары мен демеушілері, балалар мен ата-аналары қатысты.

Шыңғыс Жұмабекұлы екі балақайдың тұсауын кесіп, болашақтарына сәттілік тіледі. Ал балақайлар қонақтарға өз өнерлерін ұсынып, ән салды.

– Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен және жаңа орталықтың ашылуымен құттықтаймын. Осындай жағымды жаңалықтың жыл басына тұспа-тұс келіп тұрғанын жақсылыққа балаймыз. Бүгін тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің алғашқы қадамдарын көріп-ақ осы орталық мамандарының қамқорлығына, кәсіпқойлығына, өз ісін адал ниетпен атқаратынына көз жеткізуге болады. Шымкент қаласында медицина саласына жақсы көңіл бөлініп келеді. Көптеген осындай медициналық орталықтар ашылуда. Оның барлығы халық игілігі үшін қызмет етеді. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Оңалту орталығы соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Оған «Жұлдызай» қайырымдылық қоры демеушілік көрсетіп отыр. 10 маман жұмыс істейтін орталықта негізінен нейро-кардиохирургиялық операция жасалған және жүйке жүйесі дертіне шалдыққан балаларға түрлі емдеу, оңалту шаралары көрсетіледі.

Айта кетейік, «Жұлдызай» – Шымкентте жаңадан ашылған оныншы медициналық-оңалту орталығы.

«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев

Фото – Серік Қосаев

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.