Шымкентте полиция қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Ж.Әлжанова Қаратау ауданы бойынша полиция басқармасының жеке құрамымен кездесіп, тәртіп сақшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жиын өткізді.
Кездесу барысында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты және парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру, жемқорлықпен күресті күшейту, ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша мәселелер талқыланды.
Департаменттің бас маманы Ж.Әлжанова 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасымен таныстырып, қызмет бабын пайдаланып сыйлық алып, бергендерге қатысты жауапкершілікті, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысудың салдарын жан-жақты түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидалары туралы айтты.
Жиын барысында құқық қорғаушыларға адам бойындағы асыл қасиеттер: адалдық, парасат, әділдік және сенім құндылықтарын қоғам арасында кеңінен насихаттаудың маңыздылығы айтылды.