Шымкентте республикада теңдесі жоқ « Бизнес-Супермаркет» ашылды
Бүгін Шымкент қаласында елімізде теңдесі жоқ «Бизнес-Супермаркет» орталығы өз жұмысын бастады. Енді бизнес өкілдері мемлекеттік қызметтің 45 түрі бойынша көмекті бір орыннан алуға мүмкіндік алды. Бизнес-Супермаркет — кәсіпкерлер мен инвесторларға қызметтер электрондық форматта және «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Кәсіпкерлер сондай-ақ заңгерлік, бухгалтерлік қызметтерді, бизнес-жоспарлауды, бизнесті сүйемелдеу, логистика және рұқсат беру құжаттары бойынша қызметтерін алалады. Ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғ.Әбдірахымов орталық кәсіпкерлерге мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетудің бірегей алаңына айналу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, әкім шағын және орта кәсіпкерлікті және қаланың экономикасын дамытуға үлесін қосып жүрген Атамекен палатасына, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаев пен «Қазпошта» АҚ алғысын жеткізді. Бұл жобаның артықшылығы — бірнеше даму институттарының күшін біріктіреді. Олар «Даму КДҚ» АҚ өңірлік филиалы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Shymkent ӘКК» АҚ және әкімдік басқармалары. Бұдан басқа, мұнда CRM жүйесі бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Ол бюрократиялық кедергілерді, өтінімдер мен ұсыныстардың қарау мерзімдерін айтарлықтай қысқартады.