ШЫМКЕНТТЕ «ТҮРКІСТАН — ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ» ЖЫЛЫНЫҢ ЖАБЫЛУЫНА АРНАЛҒАН ГАЛА-КОНЦЕРТ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы облыстық «Түркістан» сарайында «Түркістан — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының   салтанатты жабылуына арналған Гала-концерт өтті.


Тарихтың айтулы жылын қорытындылауға арналған жиын «Түбі бір түркілер» хореографиялық-пластикалық қомпозициясымен бастау алды. Шараға «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы хатшысының орынбасары Фират Пурташ қатысып, тілегі бір Түркі жұртының басын біріктірген «Түркістан-Түркі əлемінің мəдени астанасы» жылының өз деңгейінде сəтті аяқталуымен құттықтады. Сонымен қатар, жыл көлемінде еңбек сіңірген мəдениет жəне өнер ұжымдары басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Құсейінов Дүйсен Құрабайұлының арнайы алғыс хаты жəне сый-сияпатын табыс етті.

«Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып, Түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналғаны белгілі.


Бауырлас елдердің басы қосылған мерекелік шарада Әзірбайжан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері мен  Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Саха-Якутия, Тыва Республикалары және Қырымнан арнайы келген өнер ұжымдары өз өнерлерін паш етті.


Іс-шара Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, облыстық опера және балет театрының әншілері мен барлық қатысушылар бірлесуімен «Түркістан — түркі әлемінің астанасы»  әнімен аяқталды.
Күні кеше Түркістан қаласында 35-ші ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңес отырысының шешімімен 2018 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы — Түркия Республикасының Кастамону қаласы болып бекітіліп, салтанаты жабылу шарасы барысында «Түркі әлемінің мәдени астанасы» символы мен туы тапсырылған болатын.


Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Әзірбайжан Республикасының Шеки қаласында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысында Түркістан қаласы — Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып бекітіліп, жыл бойы түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту мақсатында 40-қа жуық түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

 

Суретті түсірген: «Оңтүстікфильм» мекемесінің түсірілім тобы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.