Шымкентте жаңа бейнебақылау камералары іске қосылды
Шымкент қаласы аумағында жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматты түрде тіркейтін 100 көше қиылысына 877 бейнебақылау және 200 көше желілеріне 800 бейнебақылау жүйелері, яғни жалпы 1677 бейнебақылау орнатылып, қазіргі таңда автоматты түрде жұмыс жасауда.
Бұл бейнебақылаулар Әкімшілік құқық бұзушулық туралы кодексінің 599 (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту) бабы, 601 (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) бабы және 592 (Белгiленген жүру жылдамдығын арттыру) баптарында көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды.
Бұл құрылғыларға әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген кезде полиция қызметкерлері түскен құқық бұзушылықты өңдейді. Өңделгеннен кейін автоматты түрде бірден автокөлік иесінің ұялы телефонына 1414-тен әкімшілік айыппұл тіркелгені туралы хабарлама түседі.
Егер, автокөлік иесі ұялы телефон нөмірін қолданыстан өшіріп тастаған болса, онда оның тіркелген мекенжайына почта арқылыхабарлама жолданады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы аумағында компьютер, принтермен жабдықталған 8 арнайы автокөлік әкімшілік айыппұлдары бар жүргізушілерге ұйғарымдарды таратып, төлеу қажеттілігі туралы ескертулер жасайды.
Жүйеде почта арқылы және ұялы телефонына жолданған хабарламаларды автокөлік иесі алғаны туралы белгі көрініп тұрады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы аумағында қоғамдық және жол қауіпсіздігін бақылайтын 1500 бейнебақылау орнатылды. Бұл бейне бақылаулар арқылы Жедел басқару орталығының қызметкерлері тәулік бойында қылмыстың алдын алуда, ашуда және әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау бойынша жұмыс атқарады.