Шымкентте жүрек қақпақшасына жаңа тәсілмен алғашқы күрделі ота жасалынады
Шымкент қаласында жүрек ақауына шалдыққан азаматтарға жаңа тәсіл арқылы күрделі ота жасалатын болады. Бұл жұмыстар қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пямен түзілген екі жақты меморандум аясында жүзеге асырылады.
Меморандум шеңберінде жүрек қақпақшасын сақтап қалу үшін жаңа тәсілмен алғашқы ота бүгін қалалық кардиологиялық орталықта жасалып, жергілікті дәрігерлерге танымал кардиохирург Юрий Пя мастер-класс өткізеді.
Сонымен қатар, екі жақты келісімнің негізінде Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласын жақсарту және жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында Ұлттық ғылыми орталық мамандары тәжірибемен бөлісіп отыратын болады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында жүрек қақпақшасына ота жасау бойынша жылына шамамен 3 мың науқас тіркеледі екен. Бұған дейін науқастар мұндай отаны Астана мен Алматы қаласында жасатып келген.