Шымкенттегі әуе базасы тексерілді
Әскери-әуе күштері қолбасшысының орынбасары полковник Тимур Омаровтың төрағалығымен комиссия Шымкент қаласында орналасқан авиациялық базаның жауынгерлік әзірлігін тексерді.
Авиацияның жауынгерлік әзірлігінің нақты жай-күйін анықтау үшін жеке құрам дабыл бойынша кенеттен көтерілді. Комиссия кезекші күштерді, оқу-материалдық базаның жағдайын, сондай-ақ жауынгерлік құрам мен қару-жарақты тексерді.
Ұшу құрамы ұшу дағдылары, нысанаға дәл шығу және шартты қарсыласты жою, сондай-ақ жауынгерлік қолдануға ұшуды орындау бойынша бағаланды.
Тексеру барысында комиссия жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру, жауынгерлік даярлық, ұшуларды жерде қамтамасыз ету, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне, сондай-ақ инженерлік-техникалық құрам мен байланыс мамандарының жұмысына назар аударды.
Тексеру қорытындысы бойынша комиссия төрағасы полковник Тимур Омаров авиациялық базаның жеке құрамы жауынгерлік міндеттерді орындауға дайын екенін атап өтті.