Шымкенттегі жеке тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды
QAZYGURT.KZ: Шымкентте жеке тұрғын үйде дүйсенбіде болған жарылыстан зардап шеккен екі адамның бірі мүгедек болып қалды. Бұл туралы Азаттыққа қалалық №1 аурухананың бөлім меңгерушісі Сәбит Байбосынов хабарлады.
— Бүгін сағат 11:10 кезінде ауруханаға 1984 және 1998 жылдары туған екі адам жеткізілді. Екеуі де жарақат алған. 1984 жылы туған азаматтың сол қолы мен аяғы кесілді. Қазір ол жан сақтау бөлімінде жатыр, жағдайы өте ауыр. Ал сол аяғының сүйектері сынған екінші науқас жарақат бөлімінде жатыр, — деді ол.
Бұған дейін Шымкент қаласының Еңбекші ауданы Забадам шағын ауданындағы жеке тұрғын үйде 11 ақпанда таңертең болған жарылыстан зардап шеккен екі адамның қалалық ауруxананың жан сақтау бөліміне түскені туралы Азаттық хабарлаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүгін таңертеңгі сағат он жарымдар шамасында қатты жарылыс даусы естілген. Жарылыс болған үйді полиция қоршауға алып, дәрігерлер мен төтенше жағдай қызметі өкілдері барған.
Тұрғындардың сөзінше, жарылыс болған жеке тұрғын үйде үш баласы бар жас отбасы тұрған. Жарылыс балалар мектеп пен балабақшаға, әйелі жұмысқа кеткен кезде болған.
Жарылыстың неден болғаны әзірге белгісіз. Шымкент қалалық полиция департаменті оның себебі анықталып жатқанын хабарлады.
АҚПАРАТ көзі: azattyq.org