Шымкенттік полицей ару «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды
Жанұямен жұмысты қатар алып жүрген полиция капитаны Әсел Есимова 2015 жылдан бастап Ішкі істер органында еңбек етіп келеді. 1989 жылы туылған Әсел Баратқызы Шымкент қаласы Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасы жедел есепке алу тобының инспекторы лауазымында қызмет етеді. Құзырлы органдық құрылымның ішінде аталмыш басқарманың рөлі ерекше.
Ақпараттандыру және байланыс басқармасы – ақпараттың қоймасы. Дәл осы құрылымда қылмысты ашу мен құқық бұзушылықтың алдын алуда қажетті фактілер тексеріліп, жинақталады. Яғни басқарма қызметкерлері — статистикалық жазбаларды жинау, талдау жүргізумен айналысады. Сондай-ақ архивтік құжаттар да осында сақталған. Жалпы құпиялылық пен аса сақтықты талап ететін қызметте мінсіз тер төгіп жүрген полиция капитаны бала күнінен погон тағып, сап түзеген аруларға қызыққанын айтады.
«Мұнда еңбек ету әр қызметкерден кәсібилік пен жауапкершілікті талап етеді. Себебі жоғары жауапкершілікті сезінетін қызметкерлер ғана осы маңызды механизмнің үйлесімді және тиімді жұмысын жүргізе алады. Дәл осындай мұқияттылықтың арқасында бірде-бір рет тәртіптік шараға тартылмай, керісінше осы жылдан ішінде 14 рет марапат төрінен көріндім. ІІМ-нен беріліп отырған төсбелгінің де маңызы зор» — деді Әсел Есимова.
Жоғарғы мемлекеттік марапаттарқа ие болған Әсел Есимова Полиция департаментінде еңбек ете жүріп, жанұясына да ерекше көңіл бөледі. Ол бүгінгі таңда бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Төзімділік пен мейірімділікті бойына сіңірген ару қызметтің қиындығына қарамастан, отбасы мен жұмыстың тізгінін қатар алып жүр.