Шымкенттік полицей «Бейбіт өмір батыры» атанды
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай қаланың көркеюіне үлес қосқан түрлі салалар бойынша жетістікке жеткен жастарды марапаттады.
Жыл сайын озаттарға «Үздік жастар премиясын» беру дәстүрге айналған. Биылғы шара осымен оныншы рет ұйымдастырылды. «ҮЗДІК ЖАСТАР — 2020» премиясы ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай 29 номинациядан тұрды. «Үздік спортшы, мұғалім, журналист, волонтер сынды аталымның ішінде «Бейбіт өмір батыры» номинациясы Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкері Алдаберген Мылтықбайға берілді.
«Бейбіт өмір батыры» аталымы Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкінің инспекторы, аға лейтенант Алдаберген Керімбайұлына жайдан жай берілмеді.
Еске салайық, ол 2020 жылдың 12 қарашасында түнгі ауысымда өз кезекшілігін атқарып, үйіне қайтып бара жатқан жолда көлік кептелісіне тап болады. Осы сәтте еш ойланбастан орталық көшелердің қиылысында орын алған көлік кептелісін лезде ретке келтірген еді. Ауа райының қолайсыздығына, жауын жауып тұрғанына қарамастан, кезекшіліктегі әріптесі келгенге дейін тапжылмай қызмет көрсеткен Алдаберген Мылтықбайдың әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын. Тіпті шетелдік БАҚ өкілдері де шымкенттік тәртіп сақшысының бұл әрекеті туралы жарыса жазып, көпшілік сүйсінген еді.
«Үздік жастар-2020» премиясының ережесіне сәйкес, 14-29 аралығындағы 175 жас байқауға қатысып, комиссияның шешімі бойынша 29 жас өз саласында «Үздік» деп танылды.
Үздіктерді жеңісімен құттықтаймыз.