Шымкенттік полицейлер әлеуметтік желі арқылы ақшаңды көбейтіп беремін деп тұрғынды алдаған азаматшаны құрықтады
Қаратау ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда, әлеуметтік желі арқылы белгісіз азаматша ақшаңды көбейтіп беремін деп алдағанын көрсеткен. Яғни, салған ақшаң 3 күнде еселеп қайтарылатын болады деп сендіріп, 100 000 теңгесін иемденген. Алайда арада уақыт өте әлгі азаматша телефон қоңырауларына жауап бермей, не ақшасын қайтармай ізін суытқан.
Хабарды алған алған Қаратау АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына жұмылды. Арызданушы ақшасын аударған банк қосымшасының мәліметтері арқылы тұрғынды алдап соққан азаматшаның жеке-басы анықталды. Нәтижесінде, сақшылар азаматшаны қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізді. Ол 26 жастағы қала тұрғыны болып шықты.
Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы орайда, шымкенттік тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарына алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін, сақтық шараларын қатаң ұстануды сұрайды.
Егер Сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.