Шымкенттік полицейлер дәмханадан телефон ұрлаған жасөспірімді ұстады
Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда, қаладағы дәмханалардың бірінде болғанында күртешесінде болған «Самсунг» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреудің жасырын түрде қолды еткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі 130 000 теңгені құраған.
Абай АПБ-ның криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері хабар алысымен, жедел әрекет етіп, ұрлық жайты болған дәмханаға бағыт алды. Арызданушы азаматшадан, басқа да көрген-білгендерден жауап алынды. Бейнебақылау камералары жіті қаралды. Нәтижесінде, полицейлер телефон ұрлаған жасөспірімді тұрғылықты мекен-жайынан анықтап, басқармаға жеткізді. Ол 14 жастағы Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай, ұсталған жасөспірім ұялы телефонды қаладағы сауда нүктелерінің біріне өзінің бас пайдасы үшін 10 000 теңгеге сатып жіберген. Қазіргі таңда ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, шымкенттік полицейлер тұрғындарды жеке заттарына аса сақ болуға шақырады.
Егер Сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз. Сіздің берген ақпаратыңыз қылмыстың тез арада ашылуына өз септігін тигізетінін ескеріңіз.