Шымкенттік полицейлер карантин режимінің сақталуын бақылау бойынша күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізуде
Ағымдағы жылдың 8-шілдесі, сағат 21:52-де, кезекті рейд барысында Еңбекші ауданының тәртіп сақшылары Рысқұлов көшесінде орналасқан киім-кешек дүкені карантин талаптарын сақтамағанын анықтады. Яғни кәсіпкерлік нысан 20:00-ден кейін келушілерді қабылдап, жұмыс істеп тұрған. Сонымен қатар, дүкен жұмысшылары келушілердің дене қызуын тексермей кіргізіп, оларға медициналық бетпердесіз қызмет көрсеткен.
Аталған жайт бойынша жинақталған құжаттар мекеме әкімшісіне ҚР ӘҚБтК-нің 425 -бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) шара қолдану үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін қатаң сақтауға шақырады.