Шымкенттік полицейлер оқушыларға семинар-тренинг өткізді
Ағымдағы жылдың 16-қазанында, Әл-Фараби АПБ ЖПҚБ ЮПБ инспекторы полиция аға лейтенанты Әсел Бекдуалиева психолог мамандарымен бірлесе отырып, №14 жалпы орта мектебінің оқушыларымен кездесу өткізді. Іс-шара барысында кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың, ерте жүктіліктің, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша баяндама оқыды.
«Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі – олардың нақты бір мақсат-мүддесінің жоқтығы. Бұл тұрғыда ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына жеткілікті көңіл бөлмейтіндігін де айта кету керек», — деді тәртіп сақшысы Әсел Бекдуалиева.
Басқосуда жасөспірімдер арасында заң бұзушылықтың, қылмыстың ахуалы мысалдар ретінде келтірілді. Сондай-ақ, қылмыс жасағаны үшін жауапкершіліктердің түрлері түсіндірілді. Мамандар қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады.
Кездесуге қатысқан оқушылар мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.