Шымкенттік полицейлер ұялы телефон ұрысын бір тәулікте ұстады
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда, күндізгі сағат 15:00 шамасында қаладағы оқу орындарының бірінде, қалтасындағы «Iphone » маркалы ұялы телефонын белгісіз біреудің жасырын түрде қолды еткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі 494 000 теңгені құраған. Аталған деректі тәртіп сақшылары ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) тіркеуге алды.
Хабарды алысымен оқиға орнына бірден полицияның жедел-тергеу тобы жетіп, көрген білгендерден жауап алынды. Жақын аймақтар мен бейнебықылау жүйелері жіті қаралды. Тәулік бойы үзіліссіз жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, тәртіп сақшылары азаматты қала көшелерінің бірінен қолға түсіріп, басқармаға жеткізді. Ол 20 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, шымкенттік полицейлер тұрғындарды жеке заттарына аса сақ болуға шақырады.
Егер де, Сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз. Сіздің берген ақпаратыңыз қылмыстың тез арада ашылуына өз септігін тигізетінін ескеріңіз.