Шымкенттік полицейлерге психологиялық семинар сабақ және тренингтік жаттығулар кешені жүргізілді
Шымкент қаласы Полиция департаментінің психолог мамандары аудандық Полиция басқармаларының және Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы мен Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен «Азаматтармен қарым-қатынасқа түсетін қызметкерлерге психологиялық көмек» тақырыбында семинар сабақ және тренингтік жаттығулар кешенін өткізді.
Арнайы өтілген семинарда қоғамдық тәртіпсіздікке алып келетін және наразы топтармен қарым-қатынасқа түсетін қызметкерлерге психологиялық көмек көрсетудің әдіс-тәсілдері айтылып, төтенше жағдай кезінде жылдам қимылдап, іс-әрекет етуге бағыттайтын тренинг-жаттығулар жүргізілді.
Сабақ барысында бірнеше сұрақтар, яғни «Қызметтік-жауынгерлік дайындық түсінігі», «Полиция қызметкерінің жауынгерлік әзірлігі үшін қандай психоэмоционалдық қасиеттерді дамыту қажет?», «Көрнекі байланыс және бақылау әдісі», «Төтенше жағдайларда қызмет атқару кезінде ІІО қызметкері қандай психоэмоционалдық қиындықтарға тап болуы мүмкін және шығу жолдары», «Психикалық өзін-өзі реттеудің экспресс әдістері» қарастырылды.
Сонымен қатар, экстремалды жағдайларда қызметкерлердің мінез-құлқына әсер етуіне қарай «жауынгерлік» психикалық жай-күйлері мен төтенше жағдайларда барабар қимылдауға ықпал ететін қасиеттерді қалыптастыру, психологиялық көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында «Тыныс алу», «Мазасыздық пен қорқыныш деңгейін төмендету», «Ауырсынуды дем шығару арқылы жою», «Бас ауруын шешу үшін», «Жүрек ауруын жеңілдету», «Бұлшық етті созу кезінде ауырсынуды жеңілдету», «Шығу, сыну кезінде ауырсынуды жеңілдету», «Субмодальдылықты өзгерту әдісімен ауыруды жеңілдету», «Террорист», «Психологиялық босаңсу» экспресс жаттығулар кешені жүргізілді.
Қызметкерлер психологиялық сабаққа белсене қатысып, ерекше әсер алды. Сондай-ақ, семинар соңында өз ойларын ашық білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі