Шымкенттік тұрғын анасының атынан алаяқтық жолмен несие рәсімдеген
Еңбекші ауданы Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы егде жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Айтуынша ұлы сенімін теріс пайдалана отырып, алаяқтық жолмен жеке куәлігі мен банк картасын алып, атына несие рәсімдеген. Яғни, анасын суретке түсіріп, жеке дербес мәліметтерін пайдаланып, ескертуінсіз 60 000 теңгеге несие рәсімдеп, ақша банк картасына түскенде шешіп алған.
Арада уақыт өте жәбірленуші банктен зейнетақысын алайын дегенде болған жайтты біліп, тез арада тәртіп сақшыларына шағымданып, мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеп, орын алған алаяқтық қылмысын ашу мақсатында Еңбекші АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына жұмылды. Жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, полицейлер 35 жастағы, бұрын екі рет сотты болған азаматты тұрғылықты мекенжайынан ұстап, басқармаға жеткізді.
Тексеру барысында ер адам өз ісін толығымен мойындап, алған ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсағанын айтқан. Сондай-ақ, қазіргі уақытта өкінетінін жеткізіп, жәбірленуші өкілінен кешірім сұрап, келтірілген шығын көлемін толық өтеген.
Өз кезегінде, Шымкент қаласының полицейлері азаматтарға абай болуға және ұялы телефон мен бан картасын пайдалануға сұраған адамға бей-жай қарамауға кеңес береді. Сондай-ақ, егер бейтаныс тұлға өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, Сіздің картаңыз бұғатталғаны немесе Сізге несие берілетіні туралы хабарласа, сенбеуді сұрайды. Банкке хабарласып, болған жағдай туралы айтып, жағдайдың анық-қанығын анықтау керектігін ескертеді. Барынша сақтық шараларын ұстануға шақырады.
Егер, Сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» арнасына хабарласыңыз. Сіздің берген ақпаратыңыз, қылмыстың тез арада ашылуына өз септігін тигізетінін ескеріңіз.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі