Шымкенттiк «замакимнiң» құйтырқы iсi ҚР Жоғары сотына жеткен

Шымкент қаласы тұрғыны Қ.Айтмұрзаев редакцияға арызымен келіпті. Журналистің жүргізген зерттеу- зерделеуінен кейін мәселенің мән-жайын нақтылай келе, қысқаша оқырманның назарына ұсындық. Қарапайым кәсіпкер қандай шындық іздеп жүр?
«Не шықса да Шымкенттен шығады» дегізумен республикаға танылдық. Шыққан мүйіз жоқ. Ел намысына тиетін сорақылықты тоқтатайық дейтін шымкенттік шенді-шекпенді жоқ. Дау-дамайды шығаратын қарапайым халық емес, мемқызметтің шекпенін жамылған Шымкент қаласы, Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш екендігінің тағы заңбұзушылықтың фактісі жоғары қарай жол тартыпты.

Даудың басы қу құлқын, арам пиғыл емес пе?

Жеке кәсіпкер Қ.Айтмұрзаев өзінің жекеменшігіндегі 3 трансформаторы арқылы «Самал – 3» шағынауданының тұрғындарына электр қуатын жеткізумен айналысып келген. Бірде Қ.Айтмұрзаевқа «замаким» Н.Тілеш түнгі сағат 21:30-де телефон соғып, электр жарығына қатысты жиналысқа келуді хабарлайды. Ал кәсіпкер болса, өзінің қаланың шалғай шетінде жүргенін айтады. Осыдан бірер күннен кейін Н.Тілеш тағы да телефон соғып, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Т.Сәрсенбаевтың «Самал – 3» шағын ауданына қажетті электр қуатына қатысты жиналыс өткізетінін айтып, оны облыс әкімдігіне шақыртады. Келсе, бірнеше ғана адам жиналған, оның дені Н.Тілештің «тілеулес» болған сыбайластары болып шығады. Т.Сәрсенбаев бұл жиналысқа кірмейді. Н.Тілештің өткізген жиналысы бірнеше минөтке созылады.
Н.Тілеш жиналған «одақтастарына» қарап: «Егер хаттамаға тұрғындардың 80 пайызына қол қойдырсаңдар, Айтмұрзаевтың үш трансформаторын алып беремін»,-дейді. Мұны естіген кәсіпкер аң-таң болады. Өйткені осы уақытқа дейін тұтынушылардан наразылық түскенін есітпепті. Тұтынушылар бір талап қойып, ол жөнінде тұрғындардың жиналысын өткізуді сұранғаны еш уақытта сөз болмапты. «Замаким» Н.Тілештің шіреніп заңбұзушылыққа баруда айтқан зорлығына төзгісіздік көрсеткен, жиынға келген «подстанция» басшысы Н.Тілешке қарап: «Трансформаторлар өзгенің жекеменшігі. Бөгденің мүлкін қалай бересің? Мына сөзіңмен тұрғындардың арасына от тастап жатырсың», — дейді барша жұрттың алдында. Тұтынушылар электр қуатын өзгеден алу үшін тұрғындардың жиналысын өткізіп, оған хаттама жасауы керек. Онда тұтынушылармен жұмыс істеп отырған кәсіпкердің жұмысындағы кемшіліктерді ашып көрсетіп, электр қуатын жеткізіп отырған «Энергопоток» мекемесімен кәсіпкер Қ.Айтмұзаев келісім шартты бұзуға ұсыныс беруге тиісті. Ал бұл жерде ше?

Бұл жерде «замаким» Н.Тілеш жасаған спектакльдің «ойыны» қойылады

Тұрғындардан түскен «Арыз» жоқ. Даулы мәселені тұтынушылардың талқылауы туралы бірде-бір рет сөз болған емес. Қ.Айтмұрзаевты жұртшылықтың жиналысқа шақырды дегені де сөз болмаған. Бірақ Н.Тілештің сөзіне еріп, оған «одақтассымақ» болғандардың көшенің әр бұрышында, дүкендерде жұртқа «Хаттамаға» қол қойдырып жүргенін Қ.Айтмұрзаев естиді. Хаттамаға тұтынушының көшеде қол қоюы заңсыздық деп оған Қ.Айтмұрзаев мән бермейді. Н.Тілештің сойылын соғушылар оның ауызша жасатқан «хаттамасының» біреуіне 305, екіншісінде 400 кісіге қол қойдыртады. Тірлік пен бірлікті бүлдіріп, “ішкі есебін” түгелдемек болған Н.Тілештің сұрқия тірлігін біліп қойған 141 адам «хаттаманы оқытқан жоқ, бізді алдап қол қойдырды» деп «Арыз» жазады.

Өлген адамдар қол қойған хаттама

Кейін 141 адам бізге таныстырмады делінген Хаттамада бұрын қайтыс болып кеткен тұрғындар А.Қалмурзаева мен Х.Искакованың аты-жөні жүр. Жай жүрген жоқ, екеуі де Хаттамаға қол қойып, оның қасына өздерінің телефондарының номерін жазып қойған. Оны көргенде төбе шашың тік тұрады. Қол жинағыштар “Хаттаманы” алып о дүниеге барып келгені ме? Бұл жолы «шымкентшелеуді» де жолға тастап, ардан аттауға дейін барғаны ма? Қу дүниенің жолында қайда барып тоқтамақпыз?
Н.Тілеш пен аудан әкімдігінің «Самал – 3»-тегі әкімі Е.Әбилов тұтынушылардың өтпесе де сыртынан жазылған хаттамасына қол қоюға келгенде беттері «бүлк» етпепті. Сонда заң қайда, ел-жұрт қайда?
Қ.Айтмұрзаев Н.Тілеш пен Е.Әбиловтың белден басқан ісінің заңдылығын анықтауды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің Шымкенттегі департаментінен сұрайды. Бұл департамент істі қарап, сол кездегі Абай ауданы әкімі Б.Пармановқа өзінің орынбасары Н.Тілеш пен мемқызметкері Е.Әбиловқа сөгіс беру жөніндегі ұсынысын жолдайды. Осындай ұсыныстар қайда қалмай жатыр? Осының бәрінің төбесінде Б.Пармановтың тұрғанына кім кепіл?
Н.Тілештің бір мүддесі болмаса, Қ.Айтмұрзаевтың халыққа қызмет көрсетіп отырған үш трансформаторын тоқтатып, Байырхан Нұрбаевты неге «Энергопотокқа» сүйрегендей етіп алып барады? Оны жалған “Хаттаманың” негізінде «Энергопотоктың» өкімімен сайлап, осы мекемемен Б.Нұрбаевтың келісім шарт жасауына қолын жеткізді. Бұл мекемеде білдей бір «замакимнің» көңілі үшін Қ.Айтмұрзаевпен арадағы келісім-шарттарының заңдық күшін жоймай тұрып-ақ, Б.Нұрбаевпен келісім шартты түзе салады. Заң аяқтың астында жатқан жоқ. Кейін сотта Б.Нұрбаев жасаған келісім шартты заңсыз деген шешім шығарылады. Тек хаттама мәселесін қараусыз қалдырады. Бұл мәселеде де судья әділ төрелігін жасауға барғанда «данышпан замакимның» картасы да ашылар ма еді? Н.Тілеш өзі басы-қасында жүріп, тып-тыныш жатқан жұрттың ортасынан дау шығарып, жалған “Хаттама” жасатқызып, оны «Энергопотокқа» өз қолымен апарып, түрлі арыздар ұйымдастыруды былай қойғанда, 3 трансформатордың табан астында жоғалып кетуіне дейінгі сорақылықтардың астарында Н.Тілештің осы жерден «доля» алу мүддесінің жатқаны санасында саңылауы бардың бәріне белгілі ғой деп шырылдайды Қ.Айтмұрзаев.

Қу дүние «замакимді» алаяқтыққа дейін апарғаны ма?

Осы кикілжің кезінде аймақтағы 3 трансформатордың 2-уі ұрланып кетеді. Полиция іздеуден нәтиже шығармайды.1-2 адам көтеріп әкете алмайтын трансформатор табан астында жоғалады, ал олардың орнына қоятын трансформатор дайын тұрады. Ал мәселенің екінші жағында, Шымкент қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасына барып, екі трансформатордың ауысқанын айтқанда, осы басқарма басшысының орынбасары Н.Жаманкөзов барша жұрттың көзінше Н.Тілешке қоңырау соғып: «Е, сен маған екі трансформатор берші, мына жаққа қоямын деп басқа жақты көрсетіп едің. «Самал – 3»-ке неге апарасың? Сен мені «подставить еттің» деп ұрысқан. Осыдан кейін жоғалудың да, табан астында дайын тұрғанының да сыры кімге барып тірелетінін екінің бірі айта алса керек. Енді полицияның трансформаторларды іздемеуінің сыры да түсінікті болған шығар.
Н.Тілештің «одақтасы» «Гүлнұр Асан 20.02.2018 жылы Қ.Айтмұрзаевтың үстінен сотқа екі бірдей «Арыз» тапсырады. Бірін өзінің атынан жазса, екіншісін С.Иманованың атынан береді. Г.Асанның арызында «Қ.Айтмұрзаев түнгі сағат 5:00-де үйіме келді…» деген ауыр айып тағылса,
С.Иманованың арызында «мені балағаттады» деген жала жабылады.
Қ.Айтмұрзаев бұл жерден шалғайда тұратын Г.Асанның қайнағасының үйіне барғанда дәл сол түні келіні Г. осында қонып шыққанын қайнағасы айтып береді. Оған түнгі сағат 5:00 шамасында бір бөтен еркек келіп: «Ақшасын төлеймін, барар жеріме апарасыз ба?» -деп өтінеді. Г.Асан қайын ағасы айтып берген осы оқиғадан Қ.Айтмұрзаевты кейіпкер етіп, арызда көрсетеді. Ол қайын ағасының дыбыстаспасына жазылған сөздері сотта дәлел ретінде тыңдалады деп есептемеген болса керек. Н.Тілеш жаздырған екінші «Хаттаманы» да ауадан алып, өз қолымен жазып берген осы Г.Асан болып шығады. Сонда қайда кетіп барады бұл қазақтың әйелдері? С.Иманованың «Арызында» да жала жабу болғаны сотта дәлелденіп, ол «ойынның» да быт-шыты шығады.
«Энергопотокпен» Б.Нұрбековтың келісім шарты бұзылған соң, Н.Тілеш Қ.Айтмұрзаевты біржола «сындырудың» келесі «ойынын» бастаған сыңайлы. Ол өзінің «қанатының астына алынған» Б.Нұрбаевтың қасына С. есімді жігітті қосып беріп, Қ.Айтмұрзаевпен трансформатордың басында кездесу өткізуді ұсынған сияқты. Қ.Айтмұрзаев шақырған жерге барып, екі жақтың мәселесі сөз болады. Ал ертеңіне Б.Нұрбеков “Қ.Айтмұрзаев мені балағаттады” деп учаскелік полиция Б.Садықовқа арыз тапсырады. Ал ертеңіне Қ.Айтмұрзаевты сотқа арызды зерделеген
Б.Садықов емес, Дәулет Қалмұратов деген полиция алып барады.
Сотқа келгенде Сәкен есімді куәгер ұрғашыға айналып, Сәрсенкүл Қаймақова болып шыға келеді. Полицияға барғанда куәгер болғандардың орнына сотқа келгенде басқа куәгерлерді кіргізіп, масқарасы шығады. Диктофон жазбасын жүргізген Қ.Айтмұрзаев жалған куәліктің быт-шытын шығарып, 15 тәулікке қамалмай қалады. Сот дөрекі сөз айтып қалған Қ.Айтмұрзаевқа айыппұл салады.
Осы даулы мәселені ой таразысына салған оқырманның біреуі лауазым иесі Н.Тілештің «рейдерство» әрекеті білінбейді деп айта ала ма? Бұл күндері халыққа мінсіз қызмет істеуді қойып, «қалтаның» қамы үшін беталдылыққа кеткен «чиновниктер» қарапайым халықты қашанғы басына береміз деп жүр? Н.Тілешті сондайлардың қатарында жоқ деп айта аласыз ба? Мүмкін, мұның әділ жауабын қала әкімі Е.Айтаханов айтар, күтейік.

Ә.Мұратбеков.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.