Шымкенттің бас полицейі Абай ауданының тұрғындарымен кездесті
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов Абай АПБ-ның №13 учаскелік полиция пунктіне қарасты әкімшілік аумақтың тұрғындарымен арнайы кездесті. Кездесу шарасы барлық санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның мақсаты – халықтың полицияға деген сенімін арттыру, кері байланысты нығайту және учаскелік полиция инспекторларының жұмысын саралау болып табылады.
Жүздесу аясында жергілікті тұрғындар өз учаскелік инспекторларының жұмысына қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Тұрғындар тәртіп сақшылары әкімшілік аумақты күнделікті аралап, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізетінін алға тартты. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан «Таза қала» іс-шарасының нәтижелі жұмысы да сөз болды. Жиынға қатысушылар полиция қызметкерлері тиісті аумақта тазалық және абаттандыруды қамтамасыз ету мақсатында ұдайы түрде халықпен бірге сенбілік өткізетінін жеткізді. Оған қоса, азаматтардың өтініштерін ескерусіз қалдырмағанын ерекше атап өтті.
Іс-шарада Шымкенттің бас полицейі Ералы Жумаханбетов учаскелік полиция инспекторларының да әкімшілік аумақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарып жатқан жұмыстарын ден қойып тыңдап, қосымша тапсырмалар берді.
Айта кетейік, Абай АПБ-ның №13 учаскелік полиция пункті 8-шағынаудан, Мамытов, Үркімбаев, Колхозная көшелерінің аумақтарын қамтиды. Ағымдағы жылдың 4 айында аталған әкімшілік аумақтың учаскелік инспекторларымен 144 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлға анықталды. Ішкі істер органдарына есепке 17 тұлға қойылып, уақытша уытсыздандыру орталығына 31 тұлға және қабылдап-тарату орнына 6 тұлға орналастырылды.
Шара барысында тұрғындарға Шымкент қ. ПД бастығының нұсқауымен «WhatsApp» желісінде құрылған «Жедел әрекет ету тобына» қосылып, жұмыла жұмыс жасау мақсатында байланыс нөмірлер жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.
Сөз соңында жиналған қауым полицейлердің ауқымды жоба-жұмыстарына оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді, алғыстарын жаудырды.
Осы бағыттағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.