Шымкенттің полицейлері шетелде жеті жылдан астам жасырынып келген алаяқты ұстады
2015 жылдың тамыз айында қалалық ішкі істер басқармасында Сайрам массиві тұрғынының арызы бойынша «ірі мөлшерде жасалған алаяқтық» бабымен қылмыстық іс тіркелді. Қала тұрғынының айтуынша, оның танысы емдеу мекемелеріне 30 адамды жұмысқа орналастырамын деп уәде еткен. Алданып қалғанын білмей, таныстарына жұмысқа орналасуға көмектескісі келген әйел қаскүнем мен оның құрбандары арасында делдал болған. Осылайша ер адам сенгіш азаматтардың 26 400 долларын иемденіп кеткен.
Тергеу шаралары барысында күдіктінің бөтеннің сеніміне кіру арқылы ақша алып кеткені туралы куәгерлер де растады. Кейінірек тағы бір арызданушы ер адамның алаяқтық әрекеттері туралы полицияға жүгініп, іс «аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық» бабына қайта сараланған. Тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, ұстауға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүргізді.
Жедел уәкілдер оның жүруі мүмкін барлық мекенжайларды тексерді. 60-қа жуық адам, оның ішінде туыстары, көршілері және оның орналасқан жері туралы хабардар болуы мүмкін адамдар сұралды. Алайда, қабылданған шаралар оң нәтиже бермеді.
Өткен жылы бұл фактілерді тергеуді полиция майоры Асылжан Ирисметов қолға алған болатын. Қаратау аудандық полиция басқармасының тергеушісі жинақталған материалдарды зерделеп, сұрастыру мен іздеу жұмыстарын қайта жалғастырды.
Полицейдің табандылығы ақталды. Халықаралық іздестіру нәтижесінде 49 жастағы құқық бұзушы Өзбекстан аумағында қылмыстық қудалаудан жасырынып жүргені анықталды. Желтоқсан айында ол Шымкентке депортацияланды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін, ұсталған азаматтың кінәсін растайтын барлық дәлелдемелерді қоса, қылмыстық істің 4 томы сотқа жолданды. Сот үкімімен ер адам 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Өз кезегінде жәбірленуші тәртіп сақшыларына шынайы алғысын білдіріп, тергеуші Ирисметовтің кәсібилігін өзгеше атап өтті.