Софы СМАТАЕВ: «Қалаулым!» атты жынойнақ шоу-батпыраққа назар аударғанда…
Аста-төк атақ. Шатағы көп сыйлық. Шын иелеріне жоламас, «бармақ басты, көз қыстының» әсерімен қол сүйгіштер мен мақтау, мадақтаудың шаңын бұрқыратар жылпостардың кеуделеріне жапсырылып жатқан жылтырауық-жалтырауық саны көп те, сапасы жоқ орден, медальдар.
Бір сөзбен айтқанда – шүлен тарату.
Арамдық пен жалғандыққа жол беретін де, дем беретін де мылқау да мәнгүрт, бойкүйез де салғырт өзіміз-ау дей берем кей-кейде.
Ал салдақы экранның арқасы төсекке таңылған жанның алданышына айналып, қалғып-мүлгіген бар қазақты серпілтер ойдан, сергітер мидан аулақтатып әкетуге барын салып, дуылдақ, шуылдақ әлемішімен жанарыңды жаулап алып небір келеңсіздікті көз алдыңа тоса қояр өлермен озбырлығы-нан қайда, қайтіп құ-тыларсың.
Қай арнаны ашып қалсам-ақ, қаным тасып қоя беретін кесапат кеселге ұшырадым. Мінбелерден міңгірлеген министрлерді, әкіреңдеген әкімдерді, тасыраңдаған депутаттарды көргенде, әлдекімдерде кегім кеткендей, әлдекімдерге ұпайымды жоғалтқандай ашулы ыза буған, жұбанышы табылмас күй кешемін.
Ал «Қалаулым!» атты жынойнақ шоу-батпыраққа назар аударғанда… өзімнің де жыным ұстап, көзімнің де жын-шайтаны атқылай шашырап, анау шіңкілдеген, шаңқылдаған шүйкебастар мен біріне бірі жұдырық безеген жігітсымақтарды өртеп жіберердей лапылдайды.
Abai.kz